Павлодар облысы Железин ауданының Жаңажұлдыз ауылында «Жұмабек қажы» мешіті мұсылман жамағатына есігін айқара ашты.

Мешіттің ашылуына ҚМДБ-ның Діни сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Қайырбеков, Павлодар облысының бас имамы Жолдас Қоспақұлы және Павлодар облысына қарасты қала, аудан имамдары қатысты. Облыс орталығынан қиыр шалғайда, Қазақстан-Ресей шекарасында орналасқан бұл ауылға Бакауовтар әулетін құрметтейтін мыңдаған қауым еліміздің түкпір-түкпірінен келіп құтты болсын айтты. Күмбезі күндік жерден жарқыраған зәулім мешіт ерекше сәулет өнерімен көз тартады, іші-сырты түгелдей ислами ою-өрнекпен безендірілген.

Мешіттің салтанатты ашылуы басталар алдында сөз алған дін қайраткерлері жиналған қауымға асыл дінімізді насихаттаса, қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары, ақсақалдар мен абыздар Бакауовтар әулетінің туған елі мен жерін көркейту үшін атқарған ерен еңбектерін ерекше атап өтті. Алланың үйіне деген құрметіне арналып «ақ түйенің қарны жарылған» айтулы күннің соңы «той десе қу бас домалап» келген мыңдаған адамға арнайы жайылған ауыл саябағындағы ас та төк дастарханда жалғасын тауып, ақындар өлең оқып, әншілер әуелете ән салып, жыршылар жыр толғап, шешендердің сөз жарыстырып, ақсақал ардагерлердің ақ батасымен байыды.

Кереку өңірінде 106-шы болып тіркелген мешіт сыйымдылығы 150-200 адамға арналған, имамның бөлмесі және әйелдер намаз оқитын арнайы орын бар. Мешіт және оның аумағында ер, әйел адамдар жуынатын мәдениетті дәретхана, имам мен ұстаздарға арнап салынған кең сарайдай тұрғын үйлер, жеке мұздатылған мәйітхана (жуындырып, кебіндейтін) да бар. Бәрі де арнайы жылыту жүйесімен қамтылған.

От haqjoly.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *