Бас имамдар марапатталды

0
221

v

Еліміздің Ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілдіктерінің бас имамдары марапатталды.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» ордені Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлы Мұқановқа берілді. Мәртебелі марапатты Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семейдегі «Абай» театрында өткен салтанатты жиында табыстады. Ал Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы «Шапағат» медалімен марапатталды. Мемлекеттік награданы Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов бас имамға Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өткен ресми жиында салтанатты түрде табыс етті. Дәл осындай «Шапағат» медалімен Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Ізімбайұлы да марапатталды. Мемлекеттік марапатты көпшілік алдында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы табыстады.

Сондай-ақ Жетісу облысының бас имамы Керімбек Сәрсембайұлы Ұлттық мерекеге орай Талдықорған қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталса, ел Президентінің жарлығымен Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылдық мешітінің имамы Сейткамалдин Әміров Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Айта кетейік, Сейткамалдин Зіпінұлы – Әулиеата өңірінен тұңғыш рет мемлекеттік марапатқа ие болған дін қызметкері. Мешіт имамына Құрмет грамотасын арнайы түрде Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлы табыс етті. Облыс бас имамы Бейбіт Әліпбайұлы Сейіткамалдин Зіпінұлын жеке қабылдап, «Құрмет грамотасын» алуымен құттықтады және алдағы уақытта руханият саласында жемісті еңбек ете беруіне тілектестік білдірді.