Қоғамды рухани тәрбиелеудегі дәстүрлі исламның рөлі

0
186

Қоғамның қандай саласы болмасын тәрбие өзінің маңыздылығын жоймайды. Қарапайым адамның жеке бас тәрбиесінен бастап, қоғам алдындағы, Жаратушы алдындағы тәжірибесіне дейін барлық деңгейде, барлық салада тәрбие түсінігі болады және адамның әлеуметтік дәрежесіне қарай да одан ерекше тәрбие түрі талап етіледі. Мысалы: Пайғамбарымыздың мына хадисіне қарайтын болсақ, «Көршісі аш бола тұра өзі тоқ болып түнеген мұсылман емес» дей отырып, тәрбиенің көршінің ақысы, көршілердің арасында да жоғары деңгейде көрініс табатындығын меңзейді.

Әрбір мансапқа ие адамның әділ, шыншыл, ісіне берік, іскер болуын бұйырады. Бұлардың барлығы сауапты амалдар қатарына жатады, өйткені Құран Кәрімде былай делінеді: «Олар жер жүзінде бұзықтыққа тырысады, Алла бұзақыларды жақсы көрмейді». Бұл аяттың мағынасына қарағанда тәрбиенің мақсаты қоғамдағы тыныштықты орнату, тыныштықты бұзатын қылықтардың барлығы дұрыс тәрбиенің қатарына жатпайтындығы анық байқалады. Сол себептен Құранда «бір адам екінші бір адамды әдейілеп өлтірсе, барлық адамдарды өлтіргендей» болады делінеді. Сондықтан адам өлтіретіндей төмен дәрежеге түскен адамды істеген ісінің жазасы кешірілмейтін, аса күнә іс. Сонымен бірге жанұя мемлекеттің тірегі болғандықтан жанұядағы үйлену, ажырасу, бала тәрбиесі, мирас, әке-шешеге құрмет ету сияқты мәселелердің барлығында адамның тәлім-тәрбиесінің маңыздылығын қолға алады.  «Әке-шешенің ризалығы Алланың ризалығы» дегендей әке-шешенің ризалығын алған абзал. Әке-шешеге құрмет ету жайында Құранда былай делінеді: «Раббың өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауды әмір етті. Ал егер екеуінің бірі немесе екеуі де қастарыңда қартаятын болса — оларға «түһ» деме (кейіс білдірме), сондай-ақ ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөйле». Бұл  Құран мен пайғамбар сөздерінде қарастырылған тәрбие түсінігі, мұсылманшылық дүниетанымдағы тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлгендігіне нақты мысал бола алады.

Шығыс қоғамында дінді моральдық құндылықтармен астастырудың нәтижесінде адам тек материалдық емес, сонымен қатар рухани болмысқа ие болып табылады. Рухани құндылықсыз ішкі үйлесімділікке қол жеткізу және оны сақтап қалу қиын болмақ. Адамның жан дүниесін, руханиятын және табиғи қабілетін дамыту және оны бақылауға шығыс түсінігінде ерекше мән беріледі. Адамның және қоғамның іс-әрекеттеріне баса назар аударған шығыс дүниетанымында жүйелі өмір сүру түсінігі басымдық танытады. Адамға оның тәрбиесі, адамгершілігіне, имандылығына қарай құрмет көрсету, бағалау біздің шығыстық қоғамның тұрақты қағидасы.

Сондықтан да шығыстық түсініктегі тәрбие ұғымының ел болашағына бағыт-бағдар берудегі маңыздылығы өте жоғары. Әсіресе, мұсылмандық түсінікте жас ұрпаққа ана құрсағында жатқаннан бастап тәрбие беруге баса назар аударылады. Ислам дінінде бұл тәрбие жүйесі өте сапалы дәрежеде құрылған және өзіндік түсініктерімен ерекшеленеді. Тәрбиесіз берілген білімнің қоғамға оң ықпал етпейтіндігін әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы және қоғамға опат әкеледі» деп тұжырымдаса, Шәкәрім Құдайбердіұлы «тәрбиесіз адамға берілген білім оққа айналады, яғни адамзат үшін қатер тудырады» деген байлам жасаған. Шынайы ислам діні білімге, ақылға, жақсы ниетке, қоғамдық-әлеуметтік әділеттілікке, сонымен қатар адамдардың құқығы мен құрметіне ерекше көңіл бөлген. Діни түсінікте адамның мінез-құлқының қалыптасуында тектіліктің орны жоққа шығарылмайды, дегенмен адамның айналасындағы қоршаған ортаның ықпалына ерекше назар аударылады. Осы жайында Құранда былай делінеді: «Шындығында Алла елшісінде (пайғамбар) сендер үшін бір үлгі бар». Ал Мұхаммед пайғамбар, тіпті дұрыс жолдас таңдаудың да тәрбиеге ықпал ететіндігін мәлімдейді: «Жақсы жолдас пен жаман жолдас мысалы, қолында иіс суы бар адам мен көрік үрлеуші адам сияқты. Иіс суы бар адам саған оны сыйлайды немесе одан сатып аласың немесе оның хош иісін сезесің. Ал көрік үрлеуші (темір ұстасы) сенің киіміңді күйдіруі мүмкін немесе одан жағымсыз иіс сезесің» дей отырып, жақсы адаммен жолдас болудың тәрбиелік мәнін ашып көрсетеді. Құран аятында да: «Шын мәнінде мүміндер (бір-біріне) туыс-бауыр. Сондықтан екі туыстың арасын жарастырыңдар және Алладан қорқыңдар. Мүмкін, игілікке бөленерсіңдер» — делінеді.

Қорыта айтқанда, осы айтылған мәселелер, қазіргі кездегі қоғамдағы рухани тәрбиені қалыптастыруда ерекше рөл атқарып, азаматтардың тұлғалығын шыңдайтын негізгі құндылықтар болып саналады. Осы құндылықтар негізінде қалыптасқан ерекшеліктер азаматтардың өмірлік бағдарын анықтайтындығы белгілі.