Ақтөбе: Дін қызметкерлеріне шариғат және пәтуа семинары өтті

0
59

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр мешітінде «Шариғи пәтуа берудің әдебі мен маңыздылығы» тақырыбында имамдарға арналған оқыту семинары өтті.

Қала, аудан мешіттерінің бас имамдары қатысқан семинарда ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің өңірдегі жауапты маманы, облыстық мешіттің наиб имамы Мұхаммедисмаил Шадман пәтуа берудің қыр-сыры мен өзектілігі жайлы дәріс оқыды. Сонымен қатар шариғи пәтуа беруде мән беретін қағидаларға тоқталып, әдебін түсіндірді. ҚМДБ шығарған жаңа пәтуаларды таныстырды. Семинар соңында түрлі мәселелер мысалға келтіріліп, талдау жасалды.

Сондай-ақ пәтуа маманы Мұхаммедисмаил Шадман облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде әйел ұстаздарға арналған «Шариғи пәтуа берудің заманауи мәселелері» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Наиб имам өз сөзінде шариғаттағы пәтуа берудің жауапкершілігіне тоқталды. Атап айтқанда, «Пәтуа – бұл үлкен жауапкершілік», «Ғибадат және отбасы құқығына қатысты қабылданған пәтуалар», «Әлеуметтік желі арқылы сұрақ-жауап жүргізу тәртібі: ұйымдастыру, талдау және бақылау», «Қазіргі қоғамдағы қаржы және сауда қатынастарына қатысты пәтуалар» сынды тақырыптар бойынша Діни басқарманың әзірлеген пәтуалар легін таныстырды. Одан бөлек, қазіргі таңдағы шариғи пәтуа берудің заманауи мәселелеріне тоқталып, оның діндегі жауапкершілігін ерекше атап өтті.

Басқосу соңында семинарға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.