САУАПҚА ТОЛЫ РАМАЗАН

0
282

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қасиетті Рамазан айын: Құран айы, мейірім айы, сабырлық айы, шүкіршілік айы, тақуалық айы т.б атаулармен атауға болады. Себебі Жаратушы иеміз бұл айды расында ұлық ай етті.  Алланың қалауымен биылғы Рамазан айына да санаулы күндер қалды. Айлардың сұлтаны Рамазанға амандықпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратушы иеміз баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруды нәсіп етсін!

Ата-бабаларымыз Рамазан айымен қимай қоштасып, ал келесі жылғы Рамазан айын асыға күтеді екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр! « – деп тілек тілеген екен.

Алла Тағала былай аятта: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Тақуалық етерсіңдер.

Олай болса, қасиетті Рамазан айында ораза ұстау арқылы пенденің тақуалығы арта түседі. Ораза ұстау кезіндегі ниеттің, атқарылатын ізгі амалдардың, көркем мінездің барлығының да мақсаты тақуалыққа қол жеткізу болып табылады. Бұлайша тақуалыққа қол жеткізген адам, Рамазан айының берекетін сезініп, Жаратушының кешіріміне ие болып, мол сауаптарға кенеледі. 

Қасиетті айда – таңнан кеш батқанға дейін тек жеп-ішуден ғана емес, күнә істерден, жамандықтан тыйылу айы. Негізінде күні бойы аш жүріп ораза ұстау қиын емес. Ең қиыны он екі мүшемізге ораза ұстау.

Хадисте: «Кімде-кім жаман сөзі мен жаман іс-әрекеттен тыйылмаса, оның тамақ жеуден және сусын ішуден тыйылғаны Алла Тағалаға ешбір керегі жоқ».

Оразаның адам баласына берер пайдасы өте зор.

Хадисте: «Кімде-кім сене отырып, сауабын Алладан күтіп, Рамазан оразасын тұтса, өткен күнәлары кешіріледі».

Адам баласы отыз күн оразада мінез-құлығын түзейді. Рамазан айындағы ораза көзді харамға қараудан, тілді өтірік пен өсек-аяң айтудан, құлақты харам дүниелерді тыңдаудан, асқазанды харам тамақ жеуден, қол мен аяқты жаман іске барудан қорғайды. Ораза үнемі Алланы есімізге салып тұрады, жауапкершілік сезімін арттырады.

Қасиетті ай адамды мейірімді және қайырымды болуға, міскін, мұхтаж жандарға қол ұшын созуға үйретеді. Дәулетті адам ораза ұстаса, аштықтың не екенін сезінеді. Тұрмысы нашар кедей-кепшіктің қиыншылығын әлдеқайда жақсы түсінеді, оларға мейірімі оянып, жәрдемдеседі. Аллаға көбірек шүкіршілік етуді үйренеді.

Тағы айта кететін аса ерекшелігі ораза ұстау адамның денсаулығын жақсартады. Денедегі ас қорыту ағзалары оразаның арқасында тазарып, демалады. Рамазаннан кейін жақсы жұмыс істейді. Ғалымдар оразаның денсаулық тұрғысынан адам ағзасына өте пайдалы екенін анықтаған.

Хадисте: «Егер Рамазан айы келсе, жәннат есіктері ашылып, жәһаннам есіктері жабылады, шайтандар кісенделеді».

Бұл хадистен түсінетініміз оразаның әсерінен мол сауап пен көп кешірім болатыны себепті шайтандар адамдарға азғырулары мен зияндарын келтіре алмайтындығын түсінуге  болады. Себебі, бұл уақытта шарасыз қалған шайтандар кісенделгендей күй кешеді. Олар адамдардың бірін азғырса, бірін азғыра  алмайды, әрі бір нәрседе зиян тигізсе, бірінде тигізе алмайды.

Алланың Елшісі осынау қасиетті де берекелі ай рамазан айында қалай ғибадат қылды, соған оралайық.

Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деп әңгімелейді: «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)өте жомарт болатын. Ал рамазан айында одан да ерекше жомарттық көрсететін». Яғни  Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)рамазан айында ғибадатта болсын, садақа беруде болсын, ерекше жомарттық танытатын. Құлшылықта ерекше ижтиһад жасайтын.

Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рамазан айының соңғы он күндігінде ғибадатты ерекше ыждағаттылықпен орындап, түнін намазбен өткізіп, жанұясын да намаз оқуға оятатын», –дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)оразаның қадір-қасиеті туралы айтқан хадистері көп. Оларда осынау парыздың қыр-сырын, дәрежесін жан-жақты түсіндірген. Солардың бірсыпырасы төмендегідей.

Рамазан айы ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұтпағымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жеткен боламыз.

Хадисте: «Сәресін ішіңдер! Расында сәресінде құт-береке бар».

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)жаңа піскен құрмамен ауыз ашқан, егер жаңа піскен құрма болмаған жағдайда құрғақ құрмамен, құрғақ құрма болмаған жағдайда сумен ауыз ашқан әрі басқаларды да солай істеуге шақырған еді.

Қадірлі мұсылмандар қасиетті де берекелі Рамазан айы биылғы жылы да келіп жетті. Бұл айда әр күн, әр сағатымызды бос жіберіп алмауға тырысып, оны құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізгеніміз жөн. Егер де біз оған лайықты құрмет көрсете алсақ, өзімен бірге қаншама ырыс-берекет қалдырып, қиямет күні өзімізді де құрметтілер қатарында болуымызға себепші болады.

Алла Тағала ұстаған оразаларымызды қабыл етсін! Қасиетті айдағы игі істерімізге сауабын еселеп берілуін нәсіп етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық дарытсын. Әмин!  

Қаратау ауданыдық «Байғұт баба» мешітінің найб имамы Керімбеков Анарғали Пірәліұлы