Сәләфилер «ақиқат жаршысы» ма?

0
721

«Сәләфизм» деп аталатын ағым өкілдері бұрынғы Ислам ғұламалары талқыға салып, ара-жігін айқындап қойған көптеген діни қағидаларды бүгінгі қоғамда өзекті мәселеге айналдырып, діни сауаты төмен, қарапайым халықтың басын қатырып жүргендігі белгілі.

Бұл ағымдағылар өздерін «сәләфтардың жолын ұстаймыз, біздікі ғана дұрыс» дейді. Осы орайда, сәләфтар дегеніміз кімдер?

«Сәләфи» сөзі араб тіліндегі «сәләф» сөзінен шығады. Мағынасы: «алғашқы буын», «бұрынғылар» дегенді білдіреді. Ислам дінінің алғашқы үш ғасырына жататын ғұламалар тобы «сәләфтар» деп аталған.

Бұл «сәләф» ғұламалардың қатарына Исламдағы төрт мәзһабтың негізін қалаушы имамдар да жатады. Олар: Имам Әбу Ханифа, Имам Шафиғи, Имам Малик және Имам Ахмад ибн Ханбал (Алла оларды рақымына бөлесін).

Ал, бүгінде өздерін «сәләфиміз» деп жүргендердің «алғашқы буынмен», яғни нағыз сәләфтармен ешқандай байланысы жоқ. «Сәләфия» сөзін жекешелеп алғандар өздеріне пір тұтатын һижраның (мұсылманша жыл санауы бойынша) 661 жылы дүниеге келген ибн Тәймийя мен 691 жылы туылған ибн Қайюм және Абдул Уаһһаб секілді ғалымдарының идеологиясын басшылыққа алады.

Негізі, «сәләфия» ағымы – уаһһабилік ағымның жаңаша бір есімі. Егер бұл ағым «уаһһабия» есімімен бас көтеретін болса, оның негізін қалаушылардың араб елдеріндегі бұрынғы бүліктері әшкере болып қалуы мүмін болғандықтан, олар «сәләфия» деген есіммен шықты. Демек, сәләфия ағымы мен уаһһабия ағымы – бір нәрсе.

«Уаһһабия» ағымы екі негізден құралған. Біріншісі: жария; екіншісі: жасырын. Жария болған негізі – «таухид» пен «ширкті» жалаулату. Жасырын негізі – мұсылман халқының айрандай ұйыған бірлігіне нұқсан келтіріп, бүлік салу арқылы дұшпандарға қызмет ету. Яғни бірінші жария негізді бүркену арқылы екінші жасырын болған негіздерін жүзеге асырады.

Сәләфия ағымының белгілері:
1) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын мойындамауы. Бұл тек біздің елдегі уаһһабилік идеологияны қолдаушылармен шектелмейді. Кез келген мұсылман елінде осы идеологияны жақтаушылар ресми Діни басқарманы мойындамай, үнемі оған теріс әрекет етеді;

2) Тек өздерін ғана «шынайы мұсылманбыз» деп, өзгелердің барлығын «мүшрік», ең жұмсақ айтқанда «бидғатшы» және «адасқан» деп санауы;

3) Ұлттық құндылықтарға және әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізге қарсы келуі. Шариғатымызда бұл құндылықтардың орны ерекше екендігі баршамызға мәлім;

4) Сүнниттік бағыттағы төрт мәзһабты мойындамау. Қазіргі «сәләфия» ағымы – сан ғасырлар бойы халқымыздың ұстанған қалыпты діни сенімі мен танымына, дәстүрлі Ханафи бағытына қарама-қайшы ұстанымды үгіттейтін теріс ағым.

Осыдан-ақ, еліміздегі сәләфия ағымының терістігін аңғаруға болады. Демек, аталмыш сәләфия ағымы елімізге соңғы жылдары шет мемлекеттерден келген жат ағым.

Уаһһабилік идеологиясы – экстремизмнің алғышарты, бастау көзі. Экстремизм ұшқын секілді, кішкентай болып басталады, бірте-бірте ұлғаяды. Жалынның да осындай кішкентай ұшқыннан басталатыны белгілі.

Кез келген елдің ел, ұлттың ұлт болып қалыптасуының негізгі 5 факторы болады. Олар: тілі, дәстүрлі діні, ділі (менталитеті), әдет-ғұрпы, ата-мекені, яғни отаны. Ал, бұл ағым жоғарыдағы бес фактордың бесеуіне де қарама-қайшы әрекет етеді.

Демек, қандай да бір ағым халқымыздың қалыпты наным-сенімі мен дәстүрлі Исламдағы бағытына қарама-қайшы бағытта болса, ол оның терістігін көрсетеді емес пе? Осыдан кейін-ақ «сәләфия» ағымының дұрыс-бұрыстығына өздеріңіз баға беріңіз!

Нұрлан БЕКБОЛАТҰЛЫ