Теріс ағымдардың мақсаты не?

0
575

Сұрақ: Теріс ағымдардың мақсаты не?

Жауап: Теріс ағымды насихаттаушылардың мақсаты біреу – қоғамды «біз» және «басқаларға» бөліп, мемлекеттегі дінаралық татулықты, ұлтаралық келісімді, бейбіт өмір мен тұрақтылықты бұзу.

Мысалы, қоғам мүшелерін «мұсылман» және «кәпір» деп бөлу әдісі осындай жат ағымдардың қолданатын тәсілдерінің бір ғана көрінісі. Айрандай ұйып отырған бір отбасын немесе мешіттің бір бүтін жамағатын топтарға бөліп тастайды, қоғам мүшелері арасында ауызбіршілік жоғалады.

Кез келген жат ағым өзінің адептілерінің (жамағанының) көбейгенін қалайды. Сол үшін аянбай күреседі. «На войне все средства хороши» дегендей, олар жамағат санын көбейту үшін барлық әдіс-тәсілдерді қолданады: қайырымдылық қор ашады, тегін дәрі-дәрмек таратады, киім-кешек береді, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсеткен болады, психологиялық күйзеліске түскен адамға келіп «Құдай сені жақсы көреді» деген сияқты жанды жұбататын жылы сөздерді айтады және т.б.

Бір ескеретін жайт, «теріс діни ағым» деген уақытта біз тек исламды жамылған жат ағымдарды түсінбеуіміз керек. Бұлай ойлау қате. Себебі терроризм, экстремизм адамның тіліне, дініне, нәсіліне қарамайды.

Мысалы, дәстүрлі христиан дінін жамылған теріс діни ұйымдар, топтар, ағымдар мен секталар да жетіп жатыр. Теріс діни ағымдар мен секталар бір адамды өз қатарларына қосып алған соң, сол арқылы оның отбасына, ағайын туыстарына шығады. Кейін уақыт келе халықтың тарихы және мәдени қалыптасқан дінін бұрмалап, ділін терістеп, дәстүрі мен салтын, тарихы мен мәдениетін жоққа шығарады, мемлекеттік рәміздерді құрметтемейді және т.б. (Мысалы, ән ұран айтылғанда орнынан тұрмау, әскери борышты өтемеу, референдумғе яғни, дауыс беру сайлауына қатыспау және т.б.)

Ұлтқа өзіндік нақыш беріп тұрған (мысалы, сәлем салу, дастарқанды немесе асты қәдірлеу сияқты т.б.) рухани құндылықтардан айырып, халық арасында мемлекетке қарсы нарызылық тудырады, елді ынтымағы мен бірлігінен айырады.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ