ҚҰРАНДА АТЫ АТАЛҒАН 15 ЖАНУАР

0
356

Қасиетті Құран Кәрімде көптеген жануарлар мен жәндіктердің аты аталған. Тіпті жануарлардың атымен аталған сүрелер де бар. Мысалы, «Бақара» (сиыр), «Әнғам» (түліктер) және «Фил» (піл) сүрелері. Сондай-ақ «Нәхл» (аралар), «Нәмл» (құмырсқалар), «Әнкабут» (өрмекші) сүрелері жәндіктердің атымен аталған.

«Бақара» сөзі «сиыр» деген мағынаны білдіреді. Бұл сүреде құрбандыққа шалынған сиыр жайында баяндалады. Бани Исраил қауымынан шыққан бір кісіні біреу өлтіреді. Алайда оны кім өлтіргенін ешкім білмейді. Осы кезде Алла Тағала Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға: «Қауымыңа айт, сиырды құрбандыққа шалып, бір бөлігімен мәйітті ұрсын»,– деп бұйырады. Алланың бұйрығын орындағанда, мәйітке жан кіріп, өзін кім өлтіргенін айтады. Ал «әнғам» сөзі «түліктер» деген мағынаны білдіреді. Бұл сүреде төрт түлік және оларға қатысты үкімдер айтылғаны, сондай-ақ мүшріктердің кейбір түліктерді өздеріне харам санағаны баяндалғаны үшін «әнғам» деп аталды. «Фил» сөзі «піл» деген мағынаны білдіреді. «Фил» сүресінде піл мінген әскерлердің Қағбатулланы ойран етпек болған оқиғасы қамтылғандықтан, сүре осылай аталған. «Нәхл» сөзі «аралар» деген мағынаға саяды. Сүреде бал аралары туралы айтылады. «Нәмл» сөзі «құмырсқалар» деген мағынаны білдіреді. Сүреде Сүлеймен (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың құмырсқалармен кездесуі жайлы баяндалғандықтан, сүре осылай аталған. «Әнкабут» сөзі «өрмекші» деген мағынаны білдіреді. Бұл сүреде мүшріктердің сенімі өрмекшінің әлсіз торына теңестірілгендіктен, осылай аталған.Құстар, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, бауырымен жорғалаушыларды санамағанда Құранда 15 жануардың аты аталған.

1. Бұзау. Құранда «бұзау» сөзі он жерде айтылып, «Бақара», «Ниса», «Ағраф», «Һуд», «Таһа», «Зәрият» сүрелерінде келген. Бұл аяттың бәрінде Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) Тұр тауына кеткенде Бани Исраил қауымының көпшілігі Самири атты сиқыршы жасаған бұзауға сыйынып кеткені жайлы айтылады. Тек «Зәрият» сүресінде Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) оған қонаққа адам бейнесінде келген періштелерге үйітілген семіз бұзау әкелгені баяндалады.

2. Қасқыр. Құранда «қасқыр» сөзі үш жерде айтылып, үшеуі де «Жүсіп» сүресінде келген. Бұл аяттарда Жүсіптің (оған Алланың сәлемі болсын) ағалары әкесі Жақыпқа (оған Алланың сәлемі болсын) Жүсіпті «қасқыр жеп кетіпті» деп айтқанда баяндалады.

3. Шошқа. Құранда «шошқа» сөзі бес жерде айтылып, «Бақара», «Мәида», «Әнғам», «Нәхл» сүрелерінде келген. Бұл аяттың бәрінде өлексе, қан сияқты доңыздың арам екені айтылады. Тек қана «Мәида» сүресінде Алла қаһарланып кейбір қауымды маймылдар мен шошқаларға айналдырғаны баяндалады.

4. Есек. Құранда «есек» сөзі бес жерде айтылып, «Бақара», «Нәхл», «Лұқман», «Жумуға», «Муддәссир» сүрелерінде келген. Бұл аяттарда «есек» сөзі әртүрлі жағдайға қатысты баяндалған. Мысалы, «Нәхл» сүресінде «есектерді міну үшін жаратты» делінсе, «Лұқман» сүресінде «дауыстың ең жағымсызы – есектің дауысы» деп айтылады. «Жумуға» сүресінде Тәуратпен амал етпегендерді кітап көтерген есектің мысалына теңейді.

5. Сиыр. Құранда «сиыр» сөзі жеті жерде айтылып, «Бақара», «Әнғам» сүрелерінде келген. «Бақара» сүресінде келген аяттың бәрінде Бани Исраил қауымына өлтірген кісіні табу үшін сойылатын сиырдың сипаты мен жасына қатысты мәліметтер көрсетілген. Ал «Әнғам» сүресінде яһудилерге жануарлардың қайсысын жеу, қай жерін жемеу керектігі баяндалғанда «сиыр» сөзі кездеседі.