Жастар күніне орай мешітте семинар өтті

0
514

Халықаралық Жастар күніне орай Алматы қаласы Алатау ауданының «Көк-Қайнар-1» мешітінде «Жастық шақтың қадірі» тақырыбында тәрбиелік мәні бар семинар өтті.

Семинарға 16-19 жас аралығындағы жасөспірімдер қатысты. «Көк-Қайнар-1» мешітінің имамы Кенжебек Жапасұлы қатысушыларға Отанды сүю, жастарды имандылыққа тәрбиелеу жөнінде насихат айтып, ертеңгі еліміздің болашағы –өскелең ұрпақ жастардың қолында екенін еске салды.

«Денсаулық пен бос уақытты албырт кезеңде ізгі іске және білім алуға, әрі өзін-өзі әрдайым дамытуға арнау керек. Жастардың әр нәрсеге қызығып еліктегіш келетінін ескеріп, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Кімде-кім қандай да бір қауымға ұқсаса, ол солардан болады» деген. Сондай-ақ жастар ұлтымыздың төл мәдениеті мен ділінен, құндылықтарынан жеріп, өзгелердің өмір салты мен әдет-ғұрпын ұстануынан сақтануға тиіс» деді Кенжебек Жапасұлы.

Бір сағатқа созылған семинардан жастар қанаттанып, пайдалы кеңестерге қанып шықты. Одан бөлек Кенжебек Жапасұлы семинар соңында қатысушыларға «Жастарға арналған 30 хадис» кітабын тарту етті.